Жаңалықтар
Күмбірле домбыра мектепте...
- Толығырақ
- Жарияланды 28.02.2020 11:45
Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатында 2020 жылғы 28 ақпан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Домбыра кабинеті» ашылды. Кабинеттің ашылу салтанатына Баянауыл ауданының әкімінің орынбасары Анара Балтабекқызы Баденова, білім бөлімінің басшысы Асылхан Манарбекұлы Мүбәрак, ардагер ұстаздар мен мектеп мұғалімдері және баспасөз өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта мектептің 5-6 сынып оқушыларының 90 оқушысы домбырамен ойнау үйірмесіне қатысып, өнерін шыңдауда. Мектепте домбыра оркестріне арналып, 30 домбыра сатып алынды.
Қазақтың қара домбырасының құдіреті мен қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ашылған домбыра кабинеті заманауи үлгіде көрікті етіп жабдықталған, әрі әдістемелік құралдарға бай. Бұл кабинетке Баянауылдың тумасы, жерлесіміз, музыкант, әнші, сазгер Жүнісбек Шаймерденовтің есімі берілді. Іс-шара барысында мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қатысуымен «Жастар биі» атты халық күйі көпшіліктің назарына орындалып, көрермен көңілінен шықты.
«Біздің ортақ құндылығымыз – домбыра. Қазақ халқының өзіндік ерекшелігі мен мәдениеттінің насихатталғаны баршамызға маңызды екенін, бұл жас ұрпақтың санасына сіңуі тиіс. Бұл кабинетте жас дарындарды қазақтың ән-күй өнеріне үйретіп, сахнада өнер көрсетуге шыңдауды ұстаздар қолға алды»,-дейді мектеп-интернатының директоры Салтанат Сейітжанқызы Досмағамбетова.
Домбыраның күмбірлеген дауысы, әр оқушының қызығушылығы мен рухани рухын оятуда.