«Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды
Баянауыл ауданындағы З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде осыдан жиырма жыл бұрын мектеппен қоштасқан түлектердің сыйға тарту негізінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Елбасының бағдарламалық мақаласының 2 жыл толуына орай құрылған кабинетте еліміздің бай тарихы мен мол мұрасы жинақталған. Мұнда Ертіс-Баян өңірінің танымал тұлғаларымен қатар «100 жаңа есім» жобасына енген жерлестеріміз, қазақ әліпбиінің шығу тарихы туралы да толымды мағлұмат берілген. Ертіс өңірі ежелден танымал тұлғаларға бай мекен. Сондықтан, ауданның мақтан тұтар тұлғаларын кейінгі жастарға таныту басты мақсат. Осы орайда ауданда алғашқы «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Бұл енді еліміздің тарихынан сыр шертіп, өскелең ұрпақтың рухани азықпен сусындайтын ордасына айналмақ.
«Оқушыларымыздың білімін де тәрбиесін де, рухани өздерінің жаңғыруын да, және де қазағымыздың салт дәстүрін дәріптеу де негізгі мақсат болады деп ойлаймын. Болашақта «Рухани жаңғыру» кабинеті пән сабақтарын өткізетін орын ғана емес, тағылымды тәрбие беретін мекенге айналады»,-дейді З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектептің директоры Дүйсен Байронұлы Төлеутаев. Алдағы уақытта мектеп әкімшілігі оқушылармен кездесуге өңірімізден 100 жаңа есімге енген тұлғаларды да шақыруды жоспарлап отыр. Шара соңы облыстық «Шаңырақ» жобасының тұсаукесер рәсімімен және әсем әнге ұласып, тілек білдірумен аяқталды.