Ұстаздар үндестігі
Ұстаздар әулетінің ұстанымдары: «Ата жолы- бақ жолы, қадірлей білсең ағайын. Атакәсібімізді жаңғырту-жақсы жолды жалғастыру».
Мұрсалов Ілдебай Зікірияұлы 1953 жылы Теңдік ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтап, Теңдік 8 жылдық мектебінде ең алғаш ұстаздық жолын бастайды, кейін 1986 жылы Ақши ауылындағы Ленин орталау мектебіне директорлық қызметке тағайындалады. 1987 жылы жаңа мектептің салынуына мұрындық болып, сол мектепте 1992 жылға дейін басшылық қызметін жалғастырады. 1992 жылы совхоз орталығындағы Бекмаханов мектебіне директорлық қызметке ауыстырылады. 1995-2002 жылдар аралығында Сәтбаев совхозында Шадыра орта мектебінде тәрбие ісінің меңгерушісі және тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 2002 жылы Ә.Марғұлан атындағы мектепке директор болып тағайындалып, 2016 жылы зейнет демалысына осы мектептен шығады. Осы 40 жыл ішінде адал еңбегі мен абыройлы қызметі үшін талай марапаттарға ие болды. Аудан, облыс деңгейінде бірнеше мәрте Алғыс хаттар мен мадақтамаларға, Конституцияның 20 жылдығында төсбелгімен, Президент сайлауы кезінде Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Бейбітова Сәлимаш Бейбітқызы 1951 жылы дүниеге келген. Мектепте өзін-өзі тану және технология пән мұғалімі қызметінде 40 жылдай еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысындағы ардагер ұстаз.
Үлкендері Айнагүл Мұрсалова 1996 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика институтын бітірген, Бекмаханов мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін 24 жылдай абыроймен атқарып жүр. 2016 және 2020 жылы екі мәрте облыстық Білім Басқармасының алғыс хатын иеленген. Алмагүл 13 жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметінде болды, бүгінгі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып Қаражар мектебінде дарынды шәкірттерді облыс, республика көлеміндегі сайыстарға қатыстыруда сүбелі еңбек етуде. Атап айтсақ, «Айқанат», «Мың бала» республикалық, «Ертіс дарыны» облыстық олимпиадаларында жеңімпаз шығарған ұстаз. 23 жыл еңбек өтілі бар. Шынар 1997 жылдан З.Ақышев атындағы мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі қызметінде, 2017 жылдан Баянауыл №2 мектебінің директоры, яғни әке жолын жалғастыруда.
Шынар Ілдебайқызы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі және педагог-психолог мамандықтары бойынша 2 жоғары білімі бар. Облыс, республика көлемінде шәкірттері жүлделі орындарға ие болып жүр. 2014-2016 жылдары екі жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҰБТ бойынша комиссия мүшесінде болып, ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының алғыс хатымен марапатталған. 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кәсіподағының төрайымының алғыс хатын, 2016 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің алғыс хатын иеленді. 24 жыл еңбек өтілі бар.
Айжан 2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика университетінің математика факультетін қызыл дипломмен аяқтап, ең алғаш Шәкен Айманов атындағы мектепте 1 жыл, кейін отбасы жағдайымен Екібастұз қаласындағы 26 мектептің математика пәнінің мұғалімі қызметін жалғастыруда. 2 жоғары білімі бар. Кенже ұлы Арман 2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша аяқтап, Ә.Марғұлан атындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Облыс, республика көлемінде шәкірттері аудан намысын нәтижелі қорғап жүр. Өзі ұлттық ойын бойынша 2017 жылы Өскемен қаласында, 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық жарыста облыс құрамасында болып, бақ сынады.
Отбасымен 2009 жылы Павлодар қаласында өткен «Отбасылық әулеттер шеруіне» аудан атынан ұстаздар династиясы ретінде қатысып, «Ұлағатты отбасы» аталымына ие болып қайтты.
Келіні Жазира Шегебаева – Ә.Марғұлан мектебінде мұғалім, күйеу баласы Сағындықов Алмас – балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы. Немерелері Зарема және Мадина Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдер факультетінің студенттері, болашақ мұғалімдер.
Жалпы еңбек өтілдері-176 жыл. .