Қос ұстазымыздың мерейі
2020 жылғы 02 қазан күні Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов «Павлодар облысы білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгімен және ақшадай сыйақымен ұстаздарды марапаттау рәсімін өткізді.
Баянауыл ауданы бойынша 33 мұғалім онлайн базасы арқылы өтініштерін тіркеп, талаптарға сай құжаттарын тапсырды. Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша Баянауыл ауданынан №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Баян Рақымжанқызы Шокина мен №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің физика пәнінің мұғалімі Құндыз Габдулрашидқызы Рахымжанова іріктеуден өтті.
Қос мұғалімнің оқушылары бірнеше жыл қатарынан оқулардан, ғылыми жобалардан, олимпиадалардан жүлделі орындар алды. Өздері аудан, облыс, республика, халықаралық көлемінде өткізген іс-шараларға, семинарларға, оқуларға, байқауларға, олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Ұстаздар мерейі үстем. Қос мұғалім де осы марапатқа сай. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасына бақыт, еңбекте табыс тілейміз. Мақтан тұтар шәкірттеріңіз көп болсын!