«Қазағымның қазынасы-домбыра» облыстық байқауының жеңімпазы
Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімі «Қазағымның қазынасы – домбыра» облыстық байқау-конкурсын іске қосқан болатын. Аталмыш байқау облысымыздың үздік мамандандырылған домбыра кабинетін анықтауға бағытталған. Мамандандырылған домбыра кабинеттері бұл-арнайы стендтермен, заманауи техникалармен және ұлттық аспаптармен жабдықталаған кабинет болуы шарт.
Байқау мақсаты: мамандандырылған домбыра кабинеттерінің жұмыс істеуі оқушылардың белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға, тарихи-мәдени мұраны зерделеуге, ұлттық кодты сақтауға бағытталған білім беру-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың қажетті шарттарына сәйкестігін анықтау. Бағалау үшін сараптамалық топ құрылып, оның құрамына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, білім басқармасының мамандары, қоғам, үкіметтік емес сектордың өкілдері, музыка саласындағы мамандар, сондай-ақ өңірлік сараптамалық кеңестің мүшелері кірді.
Байқауды 2021 жылдың 17 мамыры мен 4 шілдесі аралығында 3 кезең бойынша өткізу жоспарланған болатын. Облыс бойынша жалпы 47 мамандандырылған домбыра кабинеттері бақ сынасты.
1 кезең - 2021 жылдың 17 мамыр мен 14 маусым аралығында өткізілді. Ережеге сәйкес #руханижаңғырудомбыра_pvl хештегін және @qaz_modern инстаграм парақшасын белгілеп, инстаграмда арнайы домбыра кабинеті туралы бейнероликті жариялау керектін. Ең көп лүпіл жинаған 20 кабинеттің жұмысын сараптамалық топ бағалап, үздік 10 кабинетті анықтады.
2 кезең - 2021 жылдың 15-25 маусым аралығында өткізілді. Аталмыш кезеңде үздік 10 кабинеттің жұмысымен толығырақ танысу үшін сараптамалық топтың іс-сапармен шығуы жоспарланды.
3 кезең - 2021 жылдың 4 шілдесі күні байқау қорытындысы жарияланды. Баянауыл ауданы бойынша Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты 1-орынды жеңіп алды. Диплом мен 30 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді.