Жаңалықтар
«Білім беру мазмұнын жаңарту аясында заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану» атты аймақтық семинар өтті
- Толығырақ
- Жарияланды 15.03.2019 06:48
2019 жылғы 15 наурыз күні Жүсіпбек Аймауытов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану» тақырыбында семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты жаңартылған білім беру бағдарламасында оқу мақсатына тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жету. Семинарға Баянауыл аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мен бес мектептен 29 бастауыш сынып мұғалімдері, математика, биология, қазақ тілі, физика, орыс тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану,денешынықтыру мұғалімдері және кітапханашылар қатысты.
1-сыныпта математика пәнінен «Азайту амалына берілген есептер» тақырыбында Гүлмира Қызырқызы Ғалижапарова, 3-сыныпта қазақ тілі пәнінен «Наурыз –жыл басы» тақырыбында Сандуғаш Қайроллақызы Әблешева, 2-сыныпта қазақ тілі пәнінен «Дара және күрделі зат есімдер» тақырыбында Назым Сайдығалиқызы Қадыр, 7-сыныпта ағылшын тілі пәнінен «Refugees and natural disasters» тақырыбында Ботагөз Асқарқызы Қожанбаева, 8-сыныпта биология пәнінен «Эндокриндік бездер қызметінен туындаған аурулар» тақырыбында Айымжан Сайдығалиқызы Байжанова, 5-сыныпта қазақ әдебиеті пәнінен М.Қабанбайдың «Бауыр»тақырыбында Салтанат Сәрсенбайқызы, 8-сыныпта қазақ әдебиеті пәнінен М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда»тақырыбында Перизат Нәсірқызы Садықова, 3-сыныпта орыс тілі пәнінен «Казахский соловей» тақырыбында Алтын Хозыхан, 7-сыныпта физика пәнінен «Қуат»тақырыбында Нәзгүл Әнуарбекқызы Ахтаева, 9-сыныпта алгебра пәнінен «Тригонометриялық функциялардың қосындысы мен айырымын көбейтіндіге түрлендіру»тақырыбында Шынар Салауатқызы Байгелова, 10-сыныпта өзін-өзі пәнінен «Тылсым дүние ғажаптары»тақырыбында Марал Төлегенқызы Бейсекеева, 6-сыныпта денешынықтыру пәнінен «Гимнастикалық жаттығулар»тақырыбында Бауыржан Болатбекұлы Елубаев жаңартылған бағдарламалар аясында жаңа амалдарды қолдана отырып, тәжірибелік сабақтар арқылы өз шеберліктерін көрсетті.
«ХV аймақтық Мәшһүр Жүсіп Көпеев оқулары»
- Толығырақ
- Жарияланды 06.03.2019 06:48
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «ХV Мәшһүр Жүсіп оқулары» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
«Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген», «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы», «Білімді зерек адам болам! - десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен», «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және Ұлы даланың ұлы есімдері» мен «Жерімде жүрген-тұрған сөзім қалған...» сынды бес бағыттан тұрды.
Конференцияның секцияларында Павлодар мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессоры Серік Елікбай, ҚР мәдениет қайраткері Павлодар облысының тілдер және мәдениет бөлімінің басшысы Нұғыман Төлегенұлы, Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану ғылыми практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ертай Жүсіпов, ҚР үздік өлкетанушысы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, туризм жөнінде экскурсия нұсқаушысы Алтынбек Құрманов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұражайының директоры Қажымұқан Пазылов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Әсет Пазылов қазылық етті.
«Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды
- Толығырақ
- Жарияланды 06.03.2019 06:48
Баянауыл ауданындағы З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде осыдан жиырма жыл бұрын мектеппен қоштасқан түлектердің сыйға тарту негізінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Елбасының бағдарламалық мақаласының 2 жыл толуына орай құрылған кабинетте еліміздің бай тарихы мен мол мұрасы жинақталған. Мұнда Ертіс-Баян өңірінің танымал тұлғаларымен қатар «100 жаңа есім» жобасына енген жерлестеріміз, қазақ әліпбиінің шығу тарихы туралы да толымды мағлұмат берілген. Ертіс өңірі ежелден танымал тұлғаларға бай мекен. Сондықтан, ауданның мақтан тұтар тұлғаларын кейінгі жастарға таныту басты мақсат. Осы орайда ауданда алғашқы «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Бұл енді еліміздің тарихынан сыр шертіп, өскелең ұрпақтың рухани азықпен сусындайтын ордасына айналмақ.
«Оқушыларымыздың білімін де тәрбиесін де, рухани өздерінің жаңғыруын да, және де қазағымыздың салт дәстүрін дәріптеу де негізгі мақсат болады деп ойлаймын. Болашақта «Рухани жаңғыру» кабинеті пән сабақтарын өткізетін орын ғана емес, тағылымды тәрбие беретін мекенге айналады»,-дейді З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектептің директоры Дүйсен Байронұлы Төлеутаев. Алдағы уақытта мектеп әкімшілігі оқушылармен кездесуге өңірімізден 100 жаңа есімге енген тұлғаларды да шақыруды жоспарлап отыр. Шара соңы облыстық «Шаңырақ» жобасының тұсаукесер рәсімімен және әсем әнге ұласып, тілек білдірумен аяқталды.
«ОЖСБ-ға дайындық сапасының мониторингі мен әдістемелік көмек беру мәселесі» кеңестік сағат
- Толығырақ
- Жарияланды 01.03.2019 06:48
2019 жылғы 28 ақпан күні Баянауыл ауданындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінде «ОЖСБ-ға дайындық сапасының мониторингі мен әдістемелік көмек беру мәселесі» тақырыбында математика пәні мұғалімдерінің кеңестік сағаты өтті. Мақсаты: оқыту үдерісіндегі педагогикалық технологиялардың тиімділігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу. Жалпы орта білім беру мектептерінен 21 математика пәнінің мұғалімдері қатысты. Кеңес сағатты білім бөлімнің әдіскері Гүлмира Қабдымүлікқызы Қошанова ұйымдастырды. ОЖСБ-ға алынған байқау тест нәтижесін таныстырып өтті. Ә.Марғұлан атындағы жалпы орта білім беру мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жаңыл Олжатайқызы Бәкірова мен Ж.Аймауытов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің математика пәнінің мұғалімі Шынар Саламатқызы Байгелова «Математика пәнінде ОЖСБ-ға оқушыларды дайындаудың тиімді әдістері мен тәсілдері» тақырыбында тәжірибе алмасты.
Облыстық «Шаңырақ» жобасының Баянауылдағы көрме-байқауы өз мәресіне жетті
- Толығырақ
- Жарияланды 01.03.2019 06:45
2019 жылғы 28 ақпанда Баянауыл ауылындағы Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты базасында Облыстық «Шаңырақ» жобасының аудандық көрме-байқауы ұйымдастырылды. Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған көрме-байқауға аудан мектептері қыркүйек айында бастау алған. Осы уақытқа дейін әртүрлі көлемде жасалған 3000-ға жуық киіз үйлер көрмесі мектеп қабырғаларында ұйымдастырылды. Қорытынды іс-шараға ауданның барлық білім беру мекемелері белсенділік танытып, көненің көзіне айналған ұлттық құндылықтарды жаңартуда мектеп оқушылары, ұстаздары, ата-аналары белсенділік танытты.
Жобаға ауданның 24 мектебінен 24 киіз үйден құрылған 8 ауыл құрылды. Баянауыл ауылы: Ш.Айманов,З.Ақышев атындағы мектептер; Қ.И.Сәтбаев ауылы: Шадыра, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу тәрбие кешені, Ақши, Е.Бекмаханов атындағы мектептер; Ж.Аймауытов ауылы: Ж.Ағаділов, Ж.Аймауытов, Лекер мектептері; С.Торайғыров ауылы: Сұлужон, №2 Майқайың, С.Торайғыров атындағы мектептері; М.Ж.Көпеев ауылы: Егіндібұлақ, М.Ж.Көпеев мектептері; Жаяу Мұса ауылы: Б.Хайдаров, Жайма, Қаражар мектептері; Ә.Марғұлан ауылы: Д.Рахметов, Ә.Мағұлан, Қ.Кемеңгеров атындағы мектептер; Мұса Шорманов ауылы: №1 Майқайың, Шөптікөл, Үшқұлын мектептері.
«X облыстық Махамбет оқуларының» жеңімпазы
- Толығырақ
- Жарияланды 27.02.2019 10:48
««Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 27 ақпанда «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде Х облыстық «Махамбет оқулары» өтті. Мақсаты: оқушылар арасында Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын насихаттау және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума таланттарын, табиғи дарындарын анықтау.
Оқуларға жалпы орта білім беру және мамандандырылған мектептерінен 5-11-ші сыныптарының 53 оқушысы, қалалық және аудандық кезеңдерінің жеңімпаздары додаға түсті.
Облыстық «Махамбет оқуларына» ақынның шығармаларын жақсы білетін, жан-жақты дарынды, поэзияны сүйетін, күйлерін нақышына келтіріп орындайтын, тақырыбына сай талдай білетін, өлеңді мәнерлеп, көркем оқи алатын қасиеті, әрі ақындық қабілеті бар оқушылар қатысты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Ұлы арман» (ән орындау) номинациясында Баянауыл ауданы Қ.Сәтбаев атындағы оқу-тәрбие кешенінің 9-сынып оқушысы Сержан Кеңес ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Оқушыны додаға дайындаған Қ.Сәтбаев атындағы оқу-тәрбие кешенінің музыка пәнінің мұғалімі Бақыт Кеңесұлы Қырықбаев.
Ер мінезді, өжет жас ұрпақтарымыз асқақтай берсін!